Мемлекет басшысы 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл еңбек пен жұмысшы кәсіп өкілдерінің ел дамуына қосқан үлесін ерекше мойындаудың символы.
Бұл шешім жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағытталған, деп хабарлайды Қазақстан Үкіметінің сайты. Биылғы жылы жұмысшы мамандықтарды қолдауға және осы салаларға жастарды тартуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жоспарлануда.
"Кәсіптік бағдар беру жұмысын реформалау оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты салаларындағы мансаптық перспективаларды бағалауға, мамандықты дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Мектептерде кәсіптік бағдар беру қызметі күшейтіледі, ол оқушылардың кәсіптік диагностикасын толығымен қамтиды. Сондай - ақ жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізілді", - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
"Бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, білім беру мекемелерін заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз ету, педагогтердің біліктілігін арттыру біз үшін басты басымдық", - деді министр.
Кәсіпорындардың нысаналы тапсырысы негізінде дуальды оқыту және мамандар даярлау жүйесін дамыту үшін бизнес-құрылымдар мен инвесторларды белсенді тарту жоспарланған.
Мемлекет басшысы бастамашылық еткен жыл аясында Астанада техникалық және кәсіптік білім беру студенттерін қолдау және дамыту үшін Ұлттық құзыреттілік орталығы құрылады.
"Орталық студенттердің кәсіби құзыреттері мен дағдыларын дамытуға ықпал етеді, сондай — ақ кадрларды қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру, WorldSkills чемпионаттарын өткізу базасына айналады", - деп атап өтті Гани Бейсембаев.
Жалпы, "Жұмысшы мамандықтар жылы" - бұл Қазақстандағы жұмысшы мамандықтардың рөлін нығайтуға бағытталған ауқымды бастама.